Как оплатить обучение
Мансап балалық шақтан басталады

Без имени-1.jpgБілімнің маңыздылығын асыра бағалау мүмкін емес, өйткені бүгін жақсы білім алып жатқандар ертең де жалақысы жақсы, абыройлы жұмысқа орналасып, лайықты мансап құра алады. Бұған қоса, өз күшіңе сенімділік, мұратыңа жету, рухани және зияткерлік өсу сияқты біліммен келетін материалдық емес құндылықтар мен артықшылықтар қаншама?

Осы ретте, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген халықтың нақыл сөзі бекер айтылмаған. Сондықтан, кейін ер жеткенде өмірдегі «өз орнын», сүйікті ісін, кәсібін қиындықсыз табу үшін баланың табиғи қабілетін ерте жастан жетілдірген аса маңызды. Өйткені, көптеген жағдайда ата-аналар өзінің іске асырылмаған армандарына балалары жетсін деген ниетпен оларды өздері қалаған мамандықтарға жиі бұрып жатады.

Болашақта балалары жетістікке жетіп, табысты болуы үшін ата-аналар заманмен бірге аяқ басып, барлық мүмкіндіктерді: олардың оқуына алдын ала ақша жинау, білім беру кредиттерін пайдалана отырып, олардың жақсы жерде білім алуына, кемелденуіне мүмкіндік беруі қажет. Келешектегі ауқаттылық пен мансап адамның болашақта білім алуына шығыстарды жоспарлай білуіне тікелей байланысты. Түптеп келгенде, жақсы білім оған жұмсалатын күшті де, уақытты да, ақшаны ақтайтын тұрарлық нәрсе.

Сарапшылардың пайымдауынша, қазір қоғам білім алуға қолдау көрсетуде мемлекет тарапынан әзірленетін қосымша шараларға зәру. Өйткені, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың кейінгі кездері жиі тілге тиек етіп жүрген «ақылды экономика» осы адамзат капиталының дамуы арқасында құрылады. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, мемлекеттің білімге жұмсайтын шығыстары бұл әлеуметтік шығындар емес, келешекте табыс әкелетін толық инвестициялар болып табылады.

Оқу ақысын төлеудің қосымша құралдарын енгізу ЖОО-лар арасындағы бәсекені күшейтіп, білім беру қызметтерінің сапасын арттырады. Өйткені, отбасы бірнеше жылдың ішінде баласының оқуына ақы төлеуге жеткілікті қаражатты жинаған соң, ЖОО-ны тек қана бағасының қолжетімділігіне қарай таңдамайды, білімнің құны мен сапасын салыстырады, яғни талапкерлер мен ата-аналар қолжетімді ЖОО-лардың ең жақсысын, сапалы білім беретін, заманауи технологиялары бар, жаңа білім беру бағдарламаларын жүзеге асыратын оқу ордасын таңдай алады.

Халқымыз мемлекеттің көмегімен ақша жинауға қатысты жаңа енгізулерге сақтықпен қарайтыны бәрімізге аян. Өйткені, білім беру салымдары – білім беруді қаржыландырудың таңсық және үйреншікті емес құралы. Әйтсе де, әр қазақстандық мемлекет өз азаматтарының лайықты білім алуына мүдделі екенін түсінгені жөн.

Депозиттің жаңа түрін әзірлеу барысында халық тарапынан бұған жаратпаушылық немесе сенімсіздік көзқарас бола ма деген күдіктер болды. Әйтсе де, отандастарымыздың Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі жүйесінде қаражат жинақтауда оң тәжірибесі бар. Бұл халық арасында үнемшілдік пен ұзақ мерзімді мақсаттарға ақша жинау үрдісінің қалыптасқандығын көрсетеді.

Бұдан былай біз болашақ баспанамыз үшін ғана емес, балаларымыздың келешектегі білімі мен кәсібі жайында алдын ала қам жей аламыз. Үстіміздегі 2013 жыл ҚР Білім және ғылым министрлігі үшін және жалпы қазақстандық жамағат үшін маңызды оқиғамен ерекшеленді. Атап айтсақ, соңғы екі жыл бойы әзірленіп, талқыланған «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Заң қабылданды. Бұл еліміздегі білім берудің дамуында, демек, еліміздің де дамуында жаңа сапалы кезеңге бастау берді.

Жаңа салымдар жүйесі қаражат жинақтау арқылы оқудың ақысын төлеуге қосымша мүмкіндікті ұсынады және мемлекеттік гранттармен, білім беру кредиттерімен қатар жұмыс істейтін болады. Жастар қашан да тегін білім алуға үміткер бола алады, бірақ ол үшін ҰБТ шеңберінде қатаң конкурстық іріктеуден өтіп, өзінің ерекше қабілетін дәлелдеуі қажет. Тәжірибе көрсеткендей, үлгерімі жоғары түлектердің барлығы бірдей грантқа оқуға түспейді. Білім және ғылым министрлігінің жаңа енгізілімі ата-аналарға өз баласын ол грантқа оқуға түсе алмаған жағдайда қолдауға мүмкіндік береді. Шотта жеткілікті қаражатың болса, қалаған ЖОО-ны да, жаныңа жақын мамандықты да таңдауға болады.

Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі екінші деңгейлі банктер арқылы жұмыс істейді. Салымшы қалаған банкті таңдай алады, яғни ол ұсынатын шарттары өзі үшін ең оңтайлы деген банкті таңдауға құқылы. Бүгінгі таңда МБЖЖ жүйесінде екі банк – «Темірбанк» АҚ және «БТА Банк» АҚ жұмыс істейді.

Сондай-ақ, мына банктердің жинақтау жүйесіне қатысуы туралы уағдаластыққа қол жеткізілді:

1) «Қазакстан Халық банкі» АҚ;

2) «Казкоммерцбанк» АҚ;

3) «Цеснабанк» АҚ;

4) «АТФБанк» АҚ;

5) «Альянс Банк» АҚ;

6) «Еуразиялық банк» АҚ;

7) «Нұрбанк» АҚ.

Қазақстан Республикасының кез келген азаматы жас ерекшелігіне қарамастан салымшы бола алады. Ол екінші деңгейлі банкпен жинақтау салымы туралы шарт жасасып, шот ашады. Шарт баланың атына жасалғанымен, салымды иелік ете алатын жасқа жеткенге дейін оның мүддесіне оның ата-анасы не заңды өкілдері өкілдік етеді. Салымды ашу кезінде бүгінде 5200 теңгені құрайтын 3АЕК мөлшерінде ең аз бастапқы жарнаны енгізу жеткілікті.

Банктік салым шартында банктің сыйақы мөлшерлемесі белгіленеді. Оны әр банк өз бетінше жеке ұсынады. Мысалы, «Темірбанк» АҚ және «БТА Банк» АҚ белгілеген сыйақы мөлшерлемесі – 8%. Банктік сыйақыдан бөлек салымдарға мемлекеттік сыйлықақы төленеді. Мемлекет сыйлықақысының мөлшері – 5%, белгілі бір санаттағылар үшін – 7%. Мұндай санаттағыларға жетім балалар, көп балалы және аз қамсыздандырылған отбасылардан шыққан балалар, мүгедек балалар сияқты халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобындағы азаматтар жатады. Әйтсе де, әр салымшы сыйлықақы ретінде мемлекеттен бір жылда 100 АЕК-тен аспайтын сомманы алуға құқылы.

Бүкіл мерзім бойына жинақталған қаражат сомасына ай сайын капиталға айналып отыратын банк сыйақысы мен жыл сайын капиталға айналдырылатын мемлекет сыйлықақысы төленеді. Осылайша, жинақталған қаражат жылдан жылға біртіндеп көбейе береді.

Жинақтау тәсімі шамамен мынадай болуы мүмкін. Егер ата-ана өзінің 10 жастағы баласының атына салым ашатын болса, олар баласы орта мектепті бітіретін кезге дейін шамамен 7 жыл бойы жаңа жүйе бойынша ақша жинақтай алады. Мәселен, бастапқы жарна - 5000 теңге және ата-ананың кейін ай сайын 15000 теңгеден салып тұруға мүмкіндігі бар делік. Банктің сыйақысы - 8%, мемлекет сыйлықақысы - 5% болғанда, жинақтау мерзімі аяқталар кезге дейін бала 17 жасқа келгенде салымдағы жалпы сома 2 млн. 75 мың теңгені құрайды. Оның ішінде, баланың ата-анасы енгізген қаражат – 1 250 000 теңге (жалпы жинақталған соманың 60%), банктің сыйақысы – 481 544 теңге (жалпы жинақталған соманың 23%) және мемлекет сыйлықақысы – 343 456 теңге (жалпы жинақталған соманың 17%). Басымдылықты санаттағы салымшылар үшін мемлекет сыйлықақысының салымы бұдан да көп болуы мүмкін.

Бұл жинақталған қаражат білім алуға ғана жұмсалуы мүмкін және басқа ешқандай мақсатта пайдаланылмайды, әрі кейбір жағдайларды санамағанда салымшының қолына берілмейді. Егер салымшы денсаулығына байланысты оқуын жалғастыра алмайтын болса немесе сот оны әрекетке қабілетсіз деп таныса, сондай-ақ салымшы қайтыс болса, салымдағы жинақталған қаражат банк сыйақысы және мемлекет сыйлықақысымен бірге салымшыға не оның заңды өкіліне, мүрагерлеріне беріледі. Егер балаға мемлекеттік білім беру гранты тағайындалса, жинақталған қаражат мемлекет сыйлықақысымен бірге үшінші тұлғаның білім беру жинақтау салымына не білімнің басқа деңгейлері, оның ішінде жоғары оқу орыннан кейінгі білім алу үшін ақы төлеуге аударылуы мүмкін немесе салымшы депозиттегі қаражатын мемлекет сыйлықақысын сақтай отырып алуына болады.

Салым мерзімінен бұрын алынса не нысаналы мақсатта жұмсалмаса, мемлекет сыйлықақысы бюджетке қайтарылады, яғни салымшы жинақталған қаражатты банктің сыйақысымен бірге, бірақ мемлекет сыйлықақысынсыз алуға құқылы. Егер жинақталған қаражат оқудың ақысын төлеуге жеткіліксіз болған жағдайда салымшыға екінші деңгейлі банктен «Қаржы орталығы» АҚ-ның жүз пайыз кепіл болуымен жетпей тұрған сомаға білім беру кредитін алуға болады.

Салымшылар үшін жеңілдік ретінде салымдар бойынша мемлекеттік сыйлықақылар жеке табыс салығынан босатылады. Сонымен қатар, білім беру жинақтау салымдары депозиттерді міндетті кепілдендіру нысаны болып табылады және банк мәжбүрлі түрде жойылған жағдайда салымшы 5 млн. теңге шегінде кепілдікті өтеуін алуға құқылы.

МБЖЖ енгізілген алғашқы күндері «Қаржы орталығы» АҚ-ға және қатысушы банктерге депозиттің жаңа түріне қызығушылық танытып, мұндай салымдарды ашуға дайын азаматтар көптеп қоңырау соқты. МБЖЖ жұмыс істеген бірінші жарты жылдың қорытындысына сәйкес 2013 жылғы 28 қарашадағы жағдай бойынша отандастарымыздың тарапынан бұл жүйеде 462 салым ашылды. Бұл – қоғамның білдіріп отырған сенімінің көрсеткіші. Білім және ғылым министрлігінің осы жаңа енгізілімі халық арасынан қолдау тауып, балалары келешекте өз жолын тауып, мұраттарына жету үшін ат салысуға ниетті ата-аналар үшін жақсы көмек болады деп үміттенеміз.

Болашаққа қаражат жинақтай ма, грантқа оқуға түсе ме, әлде білім беру кредитін ала ма? Мүмкін, өз қалтасынан төлейтін шығар? Қайткенде де білім алудың жолын таңдау халықтың өз еркінде. Ал, МБЖЖ операторы – «Қаржы орталығы» АҚ тұлғасындағы Білім және ғылым министрлігіне салымшылардың сенімі мен үмітін ақтау үшін жаңа жүйенің толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет.

Р.С.Әлімқұлов

«Қаржы орталығы» АҚ президенті

Астана қ., Орынбор к., 18

8 /7172/ 695-037; - 044; - 045