Ең тиімдісі – білімге бағытталған инвестиция
10.10.2016 Республиканская общественно политическая газета "Айкын" опубликовала статью

Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесімен бүгінде оқуға қаражатты мейілінше тиімді жинақтауға мүмкіндік пайда болды. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі (бұдан әрі – МБЖЖ) – 2013 жылдан бастап жұмыс істейтін және әрбір Қазақстан азаматының әрі ел аумағында, әрі шетелде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орыннан кейінгі (магистратура) білім алу мүмкіндігін кеңейтуге көмектесетін қаржы құралы. Бағдарлама жас ерекшелігі мен табыс деңгейіне қарамастан, барлық топтағы азаматтарға қолжетімді. Мемлекеттік бағдарлама туралы толығырақ Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Қаржы орталығы» АҚ президенті Рамазан Сихымұлы Әлімқұлов өзінің сұхбатында әңгімелейді. 


– Рамазан Сихымұлы, сіздің ойыңызша, елі­мізде оқуға қаражат жинақтау мәдениеті қан­шалықты дамыған? 
– Біздің елдің азаматтары бір нәрсеге қор жинауға, оны сақтауға дағдыланбаған. Әдетте адам баласы маңызды нәрселерді кейінге қал­ды­рып, ертеңін ойламай, бүгінгі күнмен өмір сүр­генді ұнатады. Ал білім алу мәселесіне кел­генде, оларға жинақтау идеясы ұнайды. Бірақ халық арасында қор жинақтау мәдениетін қалып­тастыру, дамыту қажет. 
– Халықаралық тәжірибе жөнінде айтып берсеңіз. Басқа елдерде осы сияқты жүйелер бар ма?
– Айта кеткен жөн, Қазақстан – бүкіл ТМД­ аумағында мұндай бағдарламаны енгіз­ген бірінші және жалғыз мемлекет. Халық­ара­лық тәжірибеге келер болсақ, бұл жүйе Еу­ро­па, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерiнде, АҚШ-та сы­­нақ­таудан сәтті өтіп, іске асырылуда. Бұл ел­­­­дерде мемлекет салық жеңілдіктері мен түр­лі субсидиялар ұсыну арқылы мұндай са­лым­дарды ынталандырып отырады. Мә­се­лен, Латвияда ата-аналар баласының бо­ла­шағына қаражатты арнайы депозиттерде жинақтайды және ынталандыру шарасы ретінде жинаққа салынған жарналардан 23% мөлшерінде тұр­ғын­дардан алынатын кіріс салығы қайта­ры­ла­ды. 
– Біздің елде МБЖЖ-ның басты ар­тық­шы­лығы 14% банк сыйақысы мен 5-7% мем­лекет сыйлықақысының есебінен құралатын 19-21% мөлшердегі табыстылыққа негіз­де­ле­тін­дігі белгілі. Ендеше, білім беру жинақтау депозиттерінің сақталуы туралы өз аузыңыз­дан тағы бір мәрте естісек дейміз. 
– Иә, бұл өте маңызды. Білім беру жинақ­тау депозиттерінің сақталуы 10 млн теңгеге дейінгі сомаға Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорымен кепілдендірілген. Он­ың үстіне, мемлекет сыйлықақысы салықтан босатылған. Сондай-ақ Қазақстан Рес­пуб­ликасының «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» 2016 жылғы 26 шілдедегі № 11-VІ заңы шықты. Оған сәйкес клиенттің білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша ашылған банк шоттарындағы ақшасына өндіріп алуды жүргізуге жол берілмейді. 
– Көптеген сұрақтарды туғызатын тағы бір мәселе – жинақтау валютасы. Неліктен білім беру жинақтау депозитін теңгеде ғана ашуға болады? 
– Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы заңда білім беру жинақтау депозиттері ұлттық валюта – теңгеде ғана ашылады деп көзделген. Бұған бірнеше себеп бар, олар:
1. Қазақстан азаматтары жалақыны теңгеде алады; 
2. Қазақстанның ЖОО-ларында оқудың ақысы да ұлттық валютада төленеді. Бұл жерде оқудың құны, негізінен, гранттың құнына тең болатындығын және Қазақстанның ұлттық валютасының курстық айырмашылығына өзара байланыстырылмайтындығын айта кету керек. 
3. Валютадағы депозиттер бойынша мөлшерлеме теңгедегі депозиттерге қарағанда бірнеше есеге төмен және қазір ол 2%-ды құрайды. Ал білім беру жинақтау салымы бойынша сыйлықақымен бірге есептегендегі табыстылық – кемінде 19%. Яғни, айырма­шылық жер мен көктей.
– Бұл жүйе кімдерге арналған? Осы жөнінде айтып берсеңіз. 
– Бәрінен бұрын, МБЖЖ бұл – ата-аналар үшін өз баласының болашағына қаржы қорын жинауға таптырмас мүмкіндік. МБЖЖ-ға кез келген Қазақстан азаматы жас ерекшелігіне қарамастан қатыса алады. 
– Яғни, білімін жалғастырамын деген ересектерге де депозит ашуға болады ғой? 
– Иә, болады. Кейбір кезде еңбек нарығында өзінің бәсекеге қабілеттілігін сақ­тап қалу үшін адамға алғашқы алған жоғары білімі жеткіліксіз болуы мүмкін. Сондықтан магистр дәрежесін немесе екінші жоғары білім алу аса маңызды мәселеге айналады, алайда бұл уақыттан және күштен бөлек, қомақты қаражатты қажет етеді. Кәсіби тұрғыдан өсу және оқуды жалғастыру ниеті отбасылық бюджетке салмағын түсірмеу үшін оқуға арналған мақсатта жинақ ұстау керек. Мұны МБЖЖ шеңберінде жасауға болады. 
– Білім беру салымдарының заңды тұлғалар үшін қандай мүмкіндіктері бар? 
– МБЖЖ қызметкерлерді оқыту және олардың біліктілік деңгейлерін арттыру жағынан жұмыс берушілер үшін қызықты болуы мүмкін. Оның ішінде білім беру жинақтау депозитін ынталандырушы фактор ретінде пайдалануға, яғни, қызметкердің немесе оның баласының атына депозит ашып, оған біржолғы сыйақылар, сый­лықақылар есептеуге болады. 
– Білім беру жинақтау депозитін ашу және оны толықтыру кезінде қандай қиындықтар туындауы мүмкін?
– Депозитті ашу ешқандай қиындық туғызбайды. Банк құжаттардың минималды пакетін талап етеді. Егер салымшы депозитті өзінің оқуына ақша жинақтау мақсатында ашатын болса, банкке жеке куәлігін ғана ұсынады. Егер депозит баланың атына ашылатын болса, ата-анасының жеке куәлігі мен баланың туу туралы куәлігі ұсынылады. Сондай-ақ білім беру жинақтау депозитін ашу үшін минималды бастапқы жарнаны енгізу қажет (сомасы МБЖЖ-ға қатысушы банкке байланысты). Депозитті баланың ата-анасы ашады, ал оны толықтыруды кез келген үшінші тұлға жүзеге асыра алады. 
– Салымшы қалаған уақытында депозиттен қажетті соманы ала ала ма? 
– Салымшы кез келген уақытта шартты бұзып, өзінің жинақтаған ақшасын мем­лекеттің сыйлықақысысыз алуға құқылы. Мемлекет сыйлықақысы білім грантына ие болған жағдайда ғана сақталады. 
– Егер басқа банктегі білім беру жинақтау салымының шарттары әлдеқайда тиімдірек болып көрінсе, қызмет көрсетуші банкті ауыс­тыруға бола ма? 
– Салымшы жылына бір-ақ рет қана ақшалай қаражатын МБЖЖ-ның басқа қатысушы банкіне аударуға құқылы. 
– Бүгінде МБЖЖ бойынша қанша адам салым ашты және жинақтау сомалары мен мемлекет сыйақысы қандай? 
– Бұл көрсеткіш күннен-күнге өсіп келеді. Егер 2013 жылы барлығы 700 білім беру жи­нақтау депозиті ашылған болса, қазіргі таңда 15,5 мыңнан астам адам жалпы сомасы ша­ма­мен 7,5 млрд теңгеге депозиттер ашты. 325 млн теңгеге мемлекет сыйлықақысы тө­ленді. 
– Сіздің ойыңызша, бұл қаншалықты жақсы көрсеткіш? 
– Бұл – өте жақсы көрсеткіш. МБЖЖ-ға қатысушы банктерде күн сайын жаңа білім беру жинақтау салымдары ашылып жатыр. Ал бұл халқымыздың санасында бірден кредит алып қарызға батқанша, ақшаны аз-аздан болса да жүйелі түрде депозитке сала беріп, бірнеше жылдан кейін қомақты қаражат жинақтаған әлдеқайда дұрыс деген түсініктің қалыптасып келетіндігін білдіреді.
 «Қаржы орталығы» АҚ президенті Р.ӘЛІМҚҰЛОВ


Возврат к списку

(Нет голосов)

Текст сообщения*
:) ;) :D 8) :( :cry: зл :o :oops: :{} :?: Восклицание :idea: winner1 winner2 Хорошооо winner3 wallbash hammer wub wavetowel read1 welcom sos friend sorry Хейййй любовьь радость пиво кофеее языкккк sleepppp статьяяяя плиз танцыыы тт
Защита от автоматических сообщений
 

 
наши партнеры