Мемлекеттік қызмет
Мемлекеттік қызметтiң кадр резервi туралы ереже

 Мемлекеттік қызметтiң кадр резервi туралы Қазақстан Республикасы 

Президентінің 2003 ж. 4 желтоқсандағы № 1243 Жарлығы

(2008.12.11. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)

"Мемлекеттік қызмет туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шiлдедегi Заңының 20-бабына сәйкес қаулы етемін:

1. Қоса берiлiп отырған Мемлекеттік қызметтiң кадр резервi туралы ереже бекітілсiн.

ҚР Президентінің 2006.05.01. № 1695 Жарлығымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

2. Мемлекеттік қызметтің кадр әлеуетін пайдаланудың тиімділігін арттыру, мемлекеттік басқару кадрларын іріктеу кезінде демократия қағидаттарын бекіту, Қазақстан Республикасының Президентіне мемлекеттік саяси қызмет резервінің мәселелері жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу мақсатында қосымшаға сәйкес құрамда Мемлекеттік саяси қызметтің кадр резервіне кандидаттарды іріктеу және олармен жұмыс жөніндегі комиссия құрылсын.

3. "Мемлекеттік әкiмшiлiк қызметшiлердiң лауазымына орналасуға арналған кадрлар резервi туралы ереженi бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 4 ақпандағы № 330 Жарлығының күшi жойылды деп танылсын (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2000 ж., № 5-6, 61-құжат; 2001 ж., № 18, 222-құжат; 2003 ж., № 15, 149-құжат).

4. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

Қазақстан Республикасының

Президенті

Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасы

Президентінің

2003 жылғы 4 желтоқсандағы

№ 1243 Жарлығымен

БЕКIТIЛГЕН

Мемлекеттік қызметтiң кадр резервi туралы

ЕРЕЖЕ

Мемлекеттік қызметтiң кадр резервi туралы ереже мемлекеттік саяси және әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiн жасақтау және осы резервке алынған азаматтардың мемлекеттік лауазымдарға орналасу мәселелерiн реттейдi.

ҚР Президентінің 2006.05.01. № 1695 Жарлығымен бөлім жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

Мемлекеттік саяси қызметтің кадр резервi

1. Жалпы ережелер

1. Мемлекеттік саяси қызметтің кадр резерві - бұл осы Ережеде айқындалған тәртіппен түзілген, жүйеленген тізімге олар жөніндегі деректер енгізілген Қазақстан Республикасының азаматтары.

2. Мемлекеттік саяси қызметтің кадр резерві бірінші және екінші санаттағы кадр резервіне бөлінеді. Мемлекеттік саяси қызметтің кадр резервіне кандидаттарды іріктеу және олармен жұмыс жөніндегі комиссияның (бұдан әрі - Кандидаттарды іріктеу жөніндегі комиссия) шешімі бойынша екінші санаттағы кадр резервінен бірінші санаттағы кадр резервіне ауысу жүзеге асырылуы мүмкін.

3. Мемлекеттік саяси қызметтің бірінші санаттағы кадр резерві - бұл:

1) орталық атқарушы органдардың басшылары;

2) облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкімдері;

3) өзге де мемлекеттік саяси қызметшілер лауазымдарына орналасу үшін жасақталатын кадр резерві.

4. Мемлекеттік саяси қызметтің екінші санаттағы кадр резерві - бұл:

1) орталық атқарушы органдар басшыларының орынбасарлары;

ҚР Президентінің 2007.27.11. № 446 Жарлығымен 1-1) тармақшамен толықтырылды

1-1) орталық атқарушы органдардың жауапты хатшылары;

2) облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкімдерінің орынбасарлары;

3) ҚР Президентінің 2007.27.11. № 446 Жарлығымен алып тасталды (бұр.ред.қара)

4) қалалар мен аудандардың әкімдері;

5) өзге де мемлекеттік саяси қызметшілер лауазымдарына орналасу үшін жасақталатын кадр резерві.

5. Азаматтың мемлекеттік саяси қызметтің кадр резервінде тұруы есепке алынған күнінен бастап үш жылға дейін созылады. Осы мерзім ішінде азамат ол орналасу үшін мемлекеттік саяси қызметтің кадр резервінде тұрған мемлекеттік саяси лауазымға тағайындалуы мүмкін.

Қажет болған кезде мемлекеттік саяси қызметтің кадр резервінде тұрған кандидатураларды ескерместен мемлекеттік саяси лауазымға тағайындалу жүзеге асырылуы мүмкін.

6. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) Кандидаттарды іріктеу жөніндегі комиссиямен келісім бойынша мемлекеттік саяси қызметтің кадр резервіне алуға қажетті құжаттардың тізбесін және басшылары мемлекеттік саяси қызметтің кадр резервіне алынуы мүмкін ұйымдарға (бұдан әрі - ұйымдардың басшылары) қойылатын талаптарды бекітеді.

7. Мемлекеттік саяси қызметтің кадр резервінде тұрған азамат (бұдан әрі - резервші) туралы деректер тиісті тіркеу нысандары толтырыла отырып уәкілетті орган жасақтайтын жүйеленген тізімге енгізіледі.

8. Мемлекеттік саяси қызметтің бірінші санаттағы кадр резервін есепке алынған мемлекеттік саяси қызметшілер мемлекеттік басқару органдарында заңнамада белгіленген тәртіппен ротациялаудан өте алады.

9. Резервшілер мемлекеттік саяси қызметтің кадр резервінде тұрған кезде қолданыстағы заңнамаға сәйкес оқуға және біліктілігін арттыруға, сондай-ақ уәкілетті орган белгілейтін тәртіппен мемлекеттік органдарға тағылымдамаға жіберілуі мүмкін.

2. Кандидаттарды іріктеу жөніндегі комиссияны құру

және оның қызметi

10. Кандидаттарды іріктеу жөніндегі комиссияны Қазақстан Республикасының Президенті құрады және ол Кандидаттарды іріктеу жөніндегі комиссия төрағасы мен мүшелерінен тұрады.

11. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Кандидаттарды іріктеу жөніндегі комиссияның төрағасы болып табылады.

12. Қазақстан Республикасы Президентінің тиісті көмекшісі, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің Басшысы, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасарлары, Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын өзге де лауазымды тұлғалар Кандидаттарды іріктеу жөніндегі комиссияның мүшелері болып табылады.

13. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің кадр саясаты мәселелерімен айналысатын бөлімшесі Кандидаттарды іріктеу жөніндегі комиссияның жұмыс органы болып табылады.

14. Кандидаттарды іріктеу жөніндегі комиссияның отырыстары оның жұмыс жоспарына сәйкес, бірақ жылына кемінде бір рет өткізіледі. Жоспардан тыс отырыстар Кандидаттарды іріктеу жөніндегі комиссия төрағасының шешімі бойынша қажеттігіне қарай өткізіледі. Кандидаттарды іріктеу жөніндегі комиссия отырыстарының, оның мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, заңдық күші болады.

15. Кандидаттарды іріктеу жөніндегі комиссия төрағасы:

1) Кандидаттарды іріктеу жөніндегі комиссия қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;

2) Кандидаттарды іріктеу жөніндегі комиссияның жұмыс жоспарын бекітеді;

3) Кандидаттарды іріктеу жөніндегі комиссия шешімдерінің іске асырылуын бақылауды жүзеге асырады.

16. Кандидаттарды іріктеу жөніндегі комиссия төрағасы орнында болмаған кезде не оның тапсыруы бойынша төрағаның функциясын Кандидаттарды іріктеу жөніндегі комиссия мүшелерінің бірі орындайды.

17. Кандидаттарды іріктеу жөніндегі комиссия мүшелері оның жұмыс жоспары, отырыстарының күн тәртібі және мемлекеттік саяси қызметтің кадр резервіне алу үшін қосымша кандидатуралар жөнінде ұсыныстар енгізуге хақылы.

18. Кандидаттарды іріктеу жөніндегі комиссияның жұмыс органы оның қарауына қажетті құжаттар мен материалдар ұсынады, оның жұмыс жоспарларының жобаларын, отырыстарының күн тәртібін даярлауды қамтамасыз етеді, оның отырыстарының хаттамаларын ресімдейді.

19. Кандидаттарды іріктеу жөніндегі комиссияның шешімдері ашық дауыс бере отырып жай көпшілік дауыспен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда төрағалық етуші дауыс берген шешім қабылданған болып саналады.

20. Кандидаттарды іріктеу жөніндегі комиссияның шешімдері отырыс өткізілген күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде төрағаның немесе төрағалық етушінің және оның отырысына қатысушы мүшелер қол-қоятын хаттамамен ресімделеді. Мемлекеттік саяси қызметтің бірінші және екінші санаттағы кадр резервіне алу туралы Кандидаттарды іріктеу жөніндегі комиссияның шешімінде кандидат алынатын нақты мемлекеттік саяси лауазым көрсетіледі.

21. Мемлекеттік саяси қызметтің кадр резервіне есепке алу үшін кандидаттарды алдын ала іріктеу мен екінші санаттағы кадр резервін жасақтау жөніндегі ұсыныстарды дайындау мақсатында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы сарапшы топ құруы мүмкін, оған Кандидаттарды іріктеу жөніндегі комиссия осы Ережеде көзделген өз өкілеттіктерінің бір бөлігін өзі шешімімен айқындалатын көлемде береді. Сарапшы топ қызметінің тәртібі мен құрамын Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы бекітеді.

3. Мемлекеттік саяси қызметтің бірінші санаттағы кадр резервіне

алу үшін кандидаттарды іріктеуді өткізудің

тәртібі мен шарттары

22. Мемлекеттік саяси қызметтің бірінші санаттағы кадр резервіне кандидаттарды іріктеу:

ҚР Президентінің 2007.27.11. № 446 Жарлығымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)

1) орталық атқарушы және өзге де мемлекеттік органдар басшылары орынбасарларының, орталық атқарушы органдардың жауапты хатшыларының, облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкімдерінің орынбасарларының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік саяси қызметшілерінің;

2) ұлттық компаниялардың бірінші басшыларының;

3) ұйымдар басшыларының;

4) мемлекеттік саяси қызметтің екінші санаттағы кадр резервінде тұрған резервшілердің арасынан жүзеге асырылады.

23. Кандидаттарды іріктеу жөніндегі комиссияның жұмыс органы орталық мемлекеттік органдардың басшыларын, облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкімдерін, ұлттық компаниялардың бірінші басшылары мен ұйымдардың басшыларын мемлекеттік саяси қызметтің бірінші санаттағы кадр резервіне алу үшін кандидатуралардың тізімдерін ұсыну мерзімдері мен нысаны туралы хабардар етеді.

23-1. Осы Ереженің 22-тармағының 1) тармақшасында аталған тұлғалар мемлекеттік саяси қызметтің бірінші санаттағы кадр резервіне кандидаттарды іріктеуге қатысу үшін олардың кандидатурасын мемлекеттік орган алқасының немесе тиісті әкімдік отырысының қарауына енгізетін орталық мемлекеттік органның басшысына немесе облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкіміне өтініш береді.

23-2. Мемлекеттік саяси қызметтің бірінші санаттағы кадр резервіне есепке алу үшін кандидаттардың өтініштерін оның отырысының қорытындысы бойынша ұсынымдық сипаттағы шешім қабылданатын мемлекеттік орган алқасы немесе облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкімдігі қарайды. Қажетті құжаттар мен ұсынымдарды Кандидаттарды іріктеу жөніндегі комиссияның жұмыс органына жолдау туралы түпкілікті шешімді орталық мемлекеттік органның басшысы немесе облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкімі қабылдайды.

Мемлекеттік органда алқа болмаған жағдайда қажетті құжаттар мен ұсынымдарды Кандидаттарды іріктеу жөніндегі комиссияның жұмыс органына жолдау туралы шешімді осы мемлекеттік органның басшысы қабылдайды.

23-3. Осы Ереженің 22-тармағының 2), 3) және 4) тармақшаларында аталған тұлғалар мемлекеттік саяси қызметтің бірінші санаттағы кадр резервіне кандидаттарды іріктеуге қатысу үшін Кандидаттарды іріктеу жөніндегі комиссияның жұмыс органына өтініш береді.

23-4. Осы Ереженің 22-тармағының 1) тармақшасында аталған тұлғалар арасынан мемлекеттік саяси қызметтің бірінші санаттағы кадр резервіне кандидатураларды Кандидаттарды іріктеу жөніндегі комиссияның отырысына мемлекеттік органдардың басшылары, облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкімдері ұсынады. Осы Ереженің 22-тармағының 2) - 4) тармақшаларында аталған тұлғалардың кандидатураларын Кандидаттарды іріктеу жөніндегі комиссия мүшелері ұсынады. Қажет болған кезде кандидаттармен әңгімелесу өткізіледі.

23-5. Ұсынылған кандидатураларды қарау қорытындысы бойынша Кандидаттарды іріктеу жөніндегі комиссия мемлекеттік саяси қызметтің бірінші санаттағы кадр резервіне алу не алудан бас тарту туралы Қазақстан Республикасының Президенті хабардар етілетін шешім қабылдайды.

23-6. Мемлекеттік саяси қызметтің бірінші санаттағы кадр резервіне алу не алудан бас тарту туралы мемлекеттік органдардың басшыларын, облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкімдерін және кандидаттарды хабардар етуді Кандидаттарды іріктеу жөніндегі комиссияның жұмыс органы жүзеге асырады.

4. Мемлекеттік саяси қызметтің екінші санаттағы кадр

резервіне алу үшін кандидаттарды іріктеуді өткізудің

тәртібі мен шарттары

23-7. Мемлекеттік саяси қызметтің екінші санаттағы кадр резервіне кандидаттарды іріктеу:

1) осы Ереженің 22-тармағының 1) тармақшасында аталған тұлғаларды қоспағанда, А-1, А-2, А-3, В-1, В-2, В-3 санаттарына жатқызылған лауазымдарды атқаратын мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің, департамент басшысының орынбасарынан төмен емес лауазымдарды атқаратын мемлекеттік органдар лауазымды тұлғаларының, орталық мемлекеттік органдардың облыстық (республикалық маңызы бар қала, астана) бөлімшелері басшыларының, сондай-ақ облыстық маңызы бар қаланың, ауданның, қаладағы аудан әкімінің орынбасарынан төмен емес жергілікті атқарушы органдар лауазымды тұлғаларының;

2) осы Ереженің 22-тармағының 2) тармақшасында аталған тұлғаларды қоспағанда, департамент басшыларының орынбасарларынан төмен емес лауазымдарды атқаратын ұлттық компаниялардың лауазымды тұлғаларының;

3) ұйымдар басшыларының арасынан жүзеге асырылады.

ҚР Президентінің 2007.27.11. № 446 Жарлығымен 23-8-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

23-8. Уәкілетті орган Кандидаттарды іріктеу жөніндегі комиссиямен келісім бойынша осы Ереженің 23-7-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген тұлғаларды қызметке тағайындау және қызметтен босату құқығы бар лауазымды тұлғаларын (мемлекеттік органдардың басшыларын, орталық атқарушы органдардың жауапты хатшыларын немесе белгіленген тәртіппен орталық атқарушы органдардың жауапты хатшыларының өкілеттіктері жүктелген лауазымды тұлғаларын, ал орталық атқарушы органдардың жауапты хатшылары немесе көрсетілген лауазымды тұлғалар болмаған жағдайда - орталық атқарушы органдардың басшыларын), облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкімдерін, ұлттық компаниялардың бірінші басшылары мен ұйымдар басшыларын мемлекеттік саяси қызметтің екінші санаттағы кадр резервіне алу үшін кандидатуралардың тізімдерін ұсыну мерзімдері мен нысаны туралы хабардар етеді.

ҚР Президентінің 2007.27.11. № 446 Жарлығымен 23-9-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

23-9. Осы Ереженің 23-7-тармағының 1) тармақшасында аталған тұлғалар мемлекеттік саяси қызметтің екінші санаттағы кадр резервіне кандидаттарды іріктеуге қатысу үшін олардың кандидатураларын мемлекеттік орган алқасының немесе тиісті әкімдік отырысының қарауына енгізетін оларды қызметке тағайындау және қызметтен босату құқығы бар лауазымды тұлғаға (мемлекеттік орган басшысына, орталық атқарушы органның жауапты хатшысына немесе белгіленген тәртіппен орталық атқарушы органның жауапты хатшысының өкілеттіктері жүктелген лауазымды тұлғаға, ал орталық атқарушы органның жауапты хатшысы немесе көрсетілген лауазымды тұлға болмаған жағдайда - орталық атқарушы орган басшысына) немесе облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкіміне өтініш береді.

ҚР Президентінің 2007.27.11. № 446 Жарлығымен 23-10-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

23-10. Мемлекеттік саяси қызметтің екінші санаттағы кадр резервіне есепке алу үшін кандидаттардың өтініштерін оның отырысының қорытындысы бойынша ұсынымдық сипаттағы шешім қабылданатын мемлекеттік орган алқасы немесе облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкімдігі қарайды. Қажетті құжаттар мен ұсынымдарды уәкілетті органға жолдау туралы түпкілікті шешімді осы Ереженің 23-7-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген тұлғаларды қызметке тағайындау және қызметтен босату құқығы бар лауазымды тұлға (мемлекеттік орган басшысы, орталық атқарушы органның жауапты хатшысы немесе белгіленген тәртіппен орталық атқарушы органның жауапты хатшысының өкілеттіктері жүктелген лауазымды тұлға, ал орталық атқарушы органның жауапты хатшысы немесе көрсетілген лауазымды тұлға болмаған жағдайда - орталық атқарушы орган басшысы) немесе облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкімі қабылдайды.

Мемлекеттік органда алқа болмаған жағдайда қажетті құжаттар мен ұсынымдарды уәкілетті органға жолдау туралы шешімді осы Ереженің 23-7-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген тұлғаларды қызметке тағайындау және қызметтен босату құқығы бар лауазымды тұлға (мемлекеттік орган басшысы, орталық атқарушы органның жауапты хатшысы немесе белгіленген тәртіппен орталық атқарушы органның жауапты хатшысының өкілеттіктері жүктелген лауазымды тұлға, ал орталық атқарушы органның жауапты хатшысы немесе көрсетілген лауазымды тұлға болмаған жағдайда - орталық атқарушы орган басшысы) қабылдайды.

23-11. Осы Ереженің 23-7-тармағының 2) тармақшасында аталған тұлғалар мемлекеттік саяси қызметтің екінші санаттағы кадр резервіне кандидаттарды іріктеуге қатысу үшін өтінішті тиісті құжаттар мен ұсынымдарды уәкілетті органға ұсынатын ұлттық компанияның бірінші басшысына береді.

Осы Ереженің 23-7-тармағының 3) тармақшасында аталған тұлғалар мемлекеттік саяси қызметтің екінші санаттағы кадр резервіне кандидаттарды іріктеуге қатысу үшін уәкілетті органға өтініш береді.

23-12. Уәкілетті орган құжаттарды тексеруді жүзеге асырады, мемлекеттік саяси қызметтің екінші санаттағы кадр резервіне алу үшін кандидаттарды тесттен өткізеді, Кандидаттарды іріктеу жөніндегі комиссияның жұмыс органына құжаттарды енгізеді. Кандидаттарды тесттен өткізу тәртібін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісім бойынша уәкілетті орган белгілейді.

23-13. Кандидаттарды іріктеу жөніндегі комиссияның отырысында осы Ереженің 23-7-тармағының 1) тармақшасында аталған тұлғалар арасынан мемлекеттік органдардың, облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкімдерінің өкілдері мемлекеттік саяси қызметтің екінші санаттағы кадр резервіне кандидатураларды ұсынады. Осы Ереженің 23-7-тармағының 2) - 3) тармақшаларында аталған тұлғалардың кандидатураларын Кандидаттарды іріктеу жөніндегі комиссия мүшелері ұсынады. Қажет болған кезде кандидаттармен әңгімелесу өткізіледі.

23-14. Ұсынылған кандидатураларды қарау қорытындысы бойынша Кандидаттарды іріктеу жөніндегі комиссия мемлекеттік саяси қызметтің екінші санаттағы кадр резервіне алу не алудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.

23-15. Мемлекеттік саяси қызметтің екінші санаттағы кадр резервіне алу не алудан бас тарту туралы мемлекеттік органдарды, облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкімдерін және кандидаттарды хабардар етуді уәкілетті орган жүзеге асырады.

4-1. Резервшіні мемлекеттік саяси қызметтің кадр

резервінен шығару

23-16. Резервшіні мемлекеттік саяси қызметтің кадр резервінен шығару:

1) резервші ол орналасу үшін мемлекеттік саяси қызметтің кадр резервінде тұрған мемлекеттік саяси лауазымға тағайындалған;

2) резервші мемлекеттік саяси қызметтің кадр резервінен өзін шығару туралы өтініш берген;

3) осы Ереженің 5-тармағында аталған мерзім өтіп кеткен;

4) резервшінің көрінеу жалған ақпарат бергенін айғақтайтын фактілер анықталған;

5) "Мемлекеттік қызмет туралы" 1999 жылғы 23 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңының 26-бабында және 27-бабының 1-тармағында көзделген негіздерде мемлекеттік қызметті тоқтатқан;

6) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын жасаған жағдайларда жүзеге асырылады.

23-17. Резервші мемлекеттік саяси қызметтің екінші санаттағы кадр резервінен бірінші санаттағы кадр резервіне ауысқан жағдайда оның резервте тұру мерзімі үш жылға ұзартылады.

Мемлекеттік әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервi

5. Жалпы ережелер

24. Мемлекеттік әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервi - бұл осы Ережемен айқындалған тәртiппен түзілген жүйелi тiзiмге олар жөніндегі деректер енгiзiлген Қазақстан Республикасының азаматтары (бұдан әрi азаматтар).

25. Мемлекеттік әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алынған азаматтар бiлiктiлiк талаптарына сай болған жағдайда және өздерiнiң келісімiмен лауазым санатының бiр тобы шегiнде мемлекеттік әкiмшiлiк қызмет лауазымдарының тиiстi немесе төменгi санаты лауазымына бiр жыл iшiнде конкурстан өтпей тағайындала алады.

26. Мемлекеттік әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiн уәкiлеттi орган және оның аумақтық бөлiмшелерi:

1) конкурстық iрiктеуге қатысқан және конкурстық комиссия кадр резервiне алуға ұсыным берген;

2) мемлекеттік тапсырыс негiзiнде мемлекеттік қызметшiлердi даярлау және қайта даярлаудың мемлекеттік бағдарламалары бойынша оқудан өткен;

ҚР Президентінің 2006.05.01. № 1695 Жарлығымен 2-1) тармақшамен толықтырылды (бұр.ред.қара)

2-1) Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия бекітетін басым мамандықтар бойынша шетелдің жоғары оқу орындарын бітірген;

3) кәсiби дәрежесiн арттыру мақсатында мемлекеттік органдар халықаралық ұйымдарға немесе басқа мемлекеттерге жұмысқа жiберген;

4) аттестациялаудан өткен және аттестациялық комиссиялар кадр резервiне алуға ұсыным берген мемлекеттік әкiмшiлiк қызметшiлер болып табылатын азаматтардан жасақтайды.

27. Мемлекеттік әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервi Әкiмшiлiк мемлекеттік қызметшiлер лауазымдарының тiзiлiмiне сәйкес мемлекеттік әкiмшiлiк лауазымдарының әрбiр санаты үшiн жасақталады.

28. Мемлекеттік әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алу азаматтардың өз қалауы негiзiнде, Ережеде көрсетiлген негiздемелер болған жағдайда уәкiлеттi органның шешiмiмен жүзеге асырылады.

29. Уәкiлеттi орган мемлекеттік әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алу жөнiнде шешiм қабылдаған сәттен бастап, мемлекеттік әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алу туралы өтiнiш берген азамат мемлекеттік әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алынған адам (бұдан - әрi резервшi) мәртебесiне ие болады және оның мемлекеттік әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiнде тұруы бiр жылдан ұзақ болмайды.

30. Резервшi жөніндегі деректердi уәкiлеттi орган жүйелi тiзiмге енгiзедi және оған уәкiлеттi орган бекiткен тиiстi тiркеу нысандары толтырылады.

31. Резервшi үшiн сай келетiн әкiмшiлiк лауазым резервшi жатқызылған санаттағы лауазым болып табылады. Сай келетiн әкiмшiлiк лауазым нақты мемлекеттік органдағы дәл сол конкурс жарияланған лауазым болуы мiндеттi емес.

32. Мемлекеттік әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiнде болу мерзiмi iшiнде мемлекеттік орган резервшiнi мемлекеттік әкiмшiлiк лауазымына орналасуға iрiктеп алуы мүмкiн. Резервшiнiң белгiленген тәртiппен мемлекеттік әкімшiлiк қызметтiң бос лауазымына орналасуға конкурсқа қатысу құқығы сақталады.

33. Резервшiнiң өтiнiшi бойынша ол бiлiктiлiк талаптарына сай болған жағдайда уәкiлеттi органның оны лауазымдар санатының бiр тобы шегiнде төменгi санаттағы лауазымдарға орналасуға мемлекеттік әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне ауыстыруға құқығы бар.

34. Мемлекеттік әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiмен жұмысты ұйымдастыру уәкiлеттi органға және оның аумақтық бөлiмшелерiне жүктеледі.

35. Уәкiлеттi орган мен оның аумақтық бөлiмшелерiнiң мемлекеттік әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiмен жұмысты ұйымдастыру жөніндегі өзара iс-қимыл тәртібін уәкiлеттi орган айқындайды.

6. Конкурстық iрiктеуге қатысқан азаматтар арасынан мемлекеттік

әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiн жасақтау

36. Конкурстық комиссияның уәкiлеттi органға конкурсқа қатысушыларды мемлекеттік әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алуға, бiрақ әрбiр бос лауазым үшiн бiр кандидаттан артық болмайтындай, ұсыным жасауға құқығы бар. Егер конкурстың нәтижесiнде бос лауазымға орналасуға кандидат анықталмаса, конкурсқа қатысушылардың ешқайсысына мемлекеттік әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алу үшiн ұсыным беріле алмайды.

37. Мұндай ұсыным үшiн негiздеме конкурсқа қатысушының бос лауазым үшiн тиiстi мемлекеттік орган белгілеген бiлiктiлiк талаптарына сәйкестiгi, бастапқы бiлiм деңгейiне жауап беретiн тестiлеу көрсеткіштерi мен конкурстық комиссия жүргiзген әңгiмелесудiң нәтижелерi болып табылады.

38. Мемлекеттік әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алу үшiн ұсыным жасау туралы шешiмдi конкурстық комиссия дауыс беру жолымен қабылдайды.

39. Конкурстық комиссияның шешiмi егер отырысқа оның құрамының кемiнде үштен екiсi қатысқан және конкурстық комиссияның қатысып отырған мүшелерiнiң көпшiлiгi оны қолдап дауыс берген болса заңды деп есептеледi. Комиссия мүшелерiнiң қатысуы ауысу құқығынсыз жүзеге асады.

Комиссия мүшелерiнiң сырттай дауыс беруiне рұқсат етiлмейдi.

40. Мемлекеттік әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алу үшiн конкурс өткiзушi мемлекеттік орган он жұмыс күнi iшiнде уәкiлеттi органға мемлекеттік әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алуға ұсыным жасау жөніндегі конкурстық комиссия отырысының хаттамасынан үзiндiнi, конкурсқа қатысушының жеке iспарағын және оның мемлекеттік әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алынуға жазбаша келісімiн ұсынады.

41. Уәкiлеттi орган жетi жұмыс күнi iшiнде мемлекеттік әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алу немесе резервке алудан бас тарту туралы шешiм қабылдайды. Конкурсқа қатысушының осы Ереженiң 37-тармағының талаптарына сай болмауы немесе мемлекеттік әкiмшiлiк бос лауазымына орналасуға кoнкуpc өткiзудiң уәкiлеттi орган бекiткен Ережелерiнiң бұзылуы ғана резервке алудан бас тарту үшiн негiздеме болуы мүмкiн.

ҚР Президентінің 2006.05.01. № 1695 Жарлығымен 7-тараудың тақырыбы өзгертілді (бұр.ред.қара)

7. Мемлекеттік тапсырыс негiзiнде мемлекеттік қызметшiлердi даярлау

мен қайта даярлаудың мемлекеттік бағдарламалары бойынша оқудан өткен

және басым мамандықтар бойынша шетелдің жоғары оқу орындарын бітірген

азаматтардан мемлекеттік әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiн жасақтау

ҚР Президентінің 2006.05.01. № 1695 Жарлығымен 42-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

42. Мемлекеттік тапсырыс негiзiнде мемлекеттік қызметшiлердi даярлау және қайта даярлаудың мемлекеттік бағдарламалары бойынша оқудан өткен азаматтар және басым мамандықтар бойынша шетелдің жоғары оқу орындарын бітірген азаматтар уәкiлеттi органның шешiмiмен мемлекеттік әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алынуы мүмкiн.

ҚР Президентінің 2006.05.01. № 1695 Жарлығымен 43-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

43. Осы Ереженiң 42-тармағында айтылған азаматтар үшiн мемлекеттік әкiмшiлiк қызметтiң тиiстi санаттары лауазымдарының кадр резервiне алыну құқығы мемлекеттік тапсырыс негiзiнде мемлекеттік қызметшiлердi даярлау мен қайта даярлаудың мемлекеттік бағдарламалары бойынша және басым мамандықтар бойынша шетелдің жоғары оқу орындарында оқуды аяқтаған сәттен бастап туындайды.

44. Осы Ереженiң 42-тармағында айтылған азаматтарды мемлекеттік әкімшілiк қызметтiң кадр резервiне алу олар уәкiлеттi орган белгілеген тәртiппен тестiлеуден өткеннен кейiн жүзеге асырылады.

45. Осы Ереженiң 42-тармағында аталған азаматтар мемлекеттік әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алыну үшiн уәкiлеттi органға мынадай құжаттар ұсынады:

1) өтiнiш және уәкiлеттi орган белгiлеген нысан бойынша толтырылған сауалнама;

2) кадрларды тiркеу жөніндегі толтырылған жеке iспарағы (нақты тұрғылықты жерiнiң мекен-жайы мен телефоны, оның iшiнде байланыс жасау телефоны көрсетiлген);

3) бiлiмi туралы құжаттарының нотариаттық немесе Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзгедей тәртiппен куәландырылған көшiрмелерi;

4) еңбек кiтапшасының немесе еңбек қызметiн растайтын Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де құжаттың нотариаттық немесе Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзгедей тәртiппен куәландырылған көшiрмелерi;

5) денсаулық жағдайы туралы белгiленген нысандағы анықтама;

6) мемлекеттік әкiмшiлiк қызметтiң тиiстi санаттағы лауазымдары үшiн белгiленген тесттен өтудiң нәтижелерi;

7) 3x4 см. көлемдегi екi фотосурет.

ҚР Президентінің 2006.05.01. № 1695 Жарлығымен 46-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

46. Азаматтар өздерiнiң бiлiмiне, жұмыс тәжiрибесiне, кәсiби деңгейi мен жеке бас сапаларына қатысты қосымша ақпарат (бiлiктiлiгiн көтеруi, ғылыми дәрежелер мен атақтар берiлуi туралы құжаттардың көшiрмелерi, мiнездемелер, ұсынымдар, ғылыми жарияланымдар) бере алады. Егер азамат еңбек қызметін жасамаған жағдайда, еңбек кітапшасының немесе еңбек қызметін растайтын өзге құжаттың көшірмелерін ұсыну талап етілмейді.

47. Өтiнiш және осы Ереженiң 45-тармағында қарастырылған құжаттар түскен сәттен бастап он жұмыс күнi iшiнде уәкiлеттi орган мемлекеттік әкiмшiлiк қызметтiң тиiстi санаттары лауазымдарының кадр резервiне алу немесе мұндай алудан бас тарту туралы шешiм қабылдайды.

48. Мемлекеттік әкiмшiлiк лауазымдардың тиiстi санатына қойылатын бiлiктiлiк үлгi-талаптарына, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңдарының талаптарына сай болмауы немесе осы Ереженiң 45-тармағында көрсетiлген құжаттардың ұсынылмауы мемлекеттік әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алудан бас тартуға негiздеме болып табылады.

ҚР Президентінің 2006.05.01. № 1695 Жарлығымен 49-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

49. Мемлекеттік әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алынуға құқық беретiн мемлекеттік тапсырыс негiзiнде мемлекеттік қызметшiлердi даярлау мен қайта даярлаудың кезектi күнтiзбелiк жылға арналған мемлекеттік бағдарламаларының тізбесін уәкілетті орган бекітеді.

8. Халықаралық ұйымдарға немесе басқа мемлекеттерге кәсiби дәрежесiн

көтеру мақсатында мемлекеттік органдар жұмысқа жiберген азаматтардан

мемлекеттік әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiн жасақтау

50. Халықаралық ұйымдарда немесе басқа мемлекеттерде кәсiби дәрежесiн көтеру мақсатында мемлекеттік органдардың жолдамасымен жұмыс iстеген және мемлекеттік органмен еңбек қатынасын тоқтатқан азаматтардың уәкілеттi органның шешiмi негiзiнде мемлекеттік әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алынуға құқы бар.

51. Осы Ереженiң 50-тармағында айтылған азаматтардың мемлекеттік әкiмшiлiк қызметiнiң кадр резервiне алыну құқығы азаматтардың халықаралық ұйымдардағы немесе басқа мемлекеттердегi жұмысынан қайтып оралған сәтiнен басталады және қайтып оралғаннан кейiн үш ай барысында сақталады.

52. Осы Ереженiң 50-тармағында айтылған азаматтарды мемлекеттік әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алу олар уәкiлеттi орган белгiлеген тестiлеуден өткеннен кейiн жүзеге асырылады.

53. Мемлекеттік әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алыну үшiн азаматтар уәкiлеттi органға мынадай құжаттар ұсынады:

1) олардың жұмыстан босатылғаны және халықаралық ұйымдарға немесе басқа мемлекеттерге жұмысқа жiберiлгенi туралы бұйрықтардың көшiрмелерi;

2) өтiнiш және уәкiлеттi орган белгiлеген нысан бойынша толтырылған сауалнама;

3) кадрларды тiркеу жөніндегі толтырылған жеке iспарағы (нақты тұрғылықты жерiнiң мекен-жайы және телефоны, соның iшiнде байланыс жасау телефоны көрсетiлген);

4) бiлiмi туралы құжаттардың нотариаттық немесе Қазақстан Республикасы заңдарымен белгiленген өзгедей тәртiппен куәландырылған көшiрмелерi;

5) еңбек кiтапшасының немесе еңбек қызметiн растайтын Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де құжаттың нотариаттық немесе Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзгедей тәртiппен куәландырылған көшiрмелерi;

6) мемлекеттік әкiмшiлiк қызметтiң тиiстi санаттағы лауазымдары үшiн белгiленген тесттен өтудiң нәтижелерi;

7) 3x4 см. көлемдегi екi фотосурет.

54. Азаматтар өздерiнiң шетелдегi қызметiне, сондай-ақ білiмiне, жұмыс тәжiрибесiне, кәсiби деңгейi мен жеке бас санаттарына қатысты қосымша ақпарат (бiлiктiлiгiн көтеруi, ғылыми дәрежелер мен атақтар берiлуi туралы құжаттардың көшiрмелерi, мiнездемелер, ұсынымдар, ғылыми жарияланымдар) бере алады.

55. Уәкілеттi орган осы құжаттар келiп түскен сәттен бастап он жұмыс күнi iшiнде мемлекеттік әкiмшiлiк қызмет лауазымдары тиiстi санаттарының кадр резервiне алу немесе мұндай резервке алудан бас тарту туралы шешiм қабылдайды.

56. Мемлекеттік әкiмшiлiк қызмет лауазымдарының тиiстi санатына қойылатын бiлiктiлiк үлгi-талаптарына, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңдарының талаптарына сай болмауы немесе осы Ереженiң 53-тармағында аталған құжаттардың ұсынылмауы мемлекеттік әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алудан бас тартуға негiздеме болып табылады.

9. Аттестациядан өткен және аттестация комиссиясы кадрлар резервiне

алуға ұсыным жасаған мемлекеттік әкiмшiлiк қызметшiлерден мемлекеттік

әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiн жасақтау

57. Аттестация комиссиясының аттестациялаудан өткен және атқаратын лауазымында жоғары кәсiби деңгейге қол жеткiзген мемлекеттік әкiмшiлiк қызметшiлердi (бұдан әрi - аттестацияланғандар) олар осы санаттар үшiн бiлiктiлiк талаптарына сай болған жағдайда мемлекеттік әкiмшiлiк қызмет лауазымдарының жоғары санаты кадр резервiне алу үшiн уәкiлеттi органға ұсыным жасауға құқы бар.

58. Аттестация өткiзген мемлекеттік орган мемлекеттік әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алу үшiн аттестация комиссиясының шешiмi бекітілген күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде уәкiлеттi органға аттестацияланғанның мынадай құжаттарын ұсынады:

1) аттестация комиссиясының шешiмiн бекіту туралы бұйрықтың көшiрмесi;

2) уәкiлеттi орган белгiлеген нысандағы қызметшiнiң өтiнiшi;

3) мемлекеттік органның кадр қызметi куәландырған кадрларды тiркеу жөніндегі жеке iспарағы.

59. Уәкiлеттi орган осы Ереженiң 58-тармағында көзделген құжаттар келiп түскен күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде мемлекеттік әкімшiлiк қызметтiң кадр резервiне алу немесе мұндай алудан бас тарту туралы шешiм қабылдайды. Аттестацияланғанның жоғары санаттағы лауазымға қойылатын білiктiлiк талаптарына, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңдарының талаптарына сай болмауы немесе осы Ереженiң 58-тармағында көрсетiлген құжаттардың ұсынылмауы мемлекеттік әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алудан бас тартуға негiздеме болып табылады.

10. Мемлекеттік әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алынған

азаматтардың мемлекеттік әкiмшiлiк лауазымдарға орналасуы

60. Әкiмшiлiк лауазымның бос орны бар мемлекеттік орган конкурс өткiзгенге дейiн тиiстi санатқа резервшiлердiң тiзiмiн беру туралы уәкiлеттi органға сұрату жолдайды. Сұрату уәкiлеттi орган бекiткен нысанда жолданады.

61. Уәкiлеттi орган сұратуды алған сәттен бастап екi апта мерзiмде оған мемлекеттік әкiмшiлiк қызмет лауазымдарының сұратылған санаты талаптарына лайық резервшiлердiң тiзбесi бар жауап жолдайды.

62. Мемлекеттік органның резервшiмен әңгiме өткiзуге құқы бар.

63. Мемлекеттік орган әкiмшiлiк қызметтiң бос лауазымына резервшiнi орналастыру туралы шешiм қабылдаған кезде осы мемлекеттік органның конкурстық комиссиясының ұсынымы бойынша мемлекеттік қызметтiң кадр резервiне бұрын алынған адамдардың кандидатураларын бiрiншi кезекте қарайды.

Мемлекеттік әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiнде лауазымдардың осы санаты бойынша немесе бос лауазымға мемлекеттік орган белгiлеген бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келетiн резервшiлер болмаған жағдайда мемлекеттік органның конкурс өткiзуге құқы бар.

Мемлекеттік орган қабылданған шешiм туралы уәкiлеттi органды он жұмыс күнi iшiнде хабардар етуге мiндеттi.

64. Жоғарыда аталған шешiм туралы жазбаша хабарландырудың негiзiнде уәкiлеттi орган мемлекеттік әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне тиiстi өзгерістер енгiзедi. Уәкiлеттi орган мемлекеттік орган таңдап алған резервшiнi хабардар етедi, оның жеке iспарағын мемлекеттік органға жолдайды.

65. Резервшiнiң мемлекеттік қызметке кiруi Қазақстан Республикасының заңдарында қарастырылған тәртiппен және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңдарында белгiленген талаптар сақтала отырып жүзеге асырылады.

11. Мемлекеттік әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiнен шығару

66. Уәкiлеттi орган азаматтарды мемлекеттік әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiнен шығаруды мынадай жағдайларда:

1) резервшi мемлекеттік қызметтiң бос әкiмшiлiк лауазымына орналасқан;

2) резервшi мемлекеттік әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiнен шығу туралы өтiнiш берген;

3) мемлекеттік әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алу туралы шешiм қабылдау сәтiнде беймәлiм болған немесе орын алмаған, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес азаматтардың мемлекеттік қызметте болуын шектейтiн негiздемелер туындаған;

4) осы Ереженiң 29-тармағында көрсетiлген мерзiм аяқталған;

5) мемлекеттік әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне алудың осы Ережемен белгiленген тәртібі мен шарттары бұзылған жағдайларда жүзеге асырады.

ҚР Президентінің 07.05.04 ж. N 1362 (бұр. ред. қара); 03.08.04 ж. N 1415 (бұр. ред. қара) Жарлықтарымен құрам өзгертілді; ҚР Президентінің 2006.05.01. № 1695 (бұр.ред.қара); 2008.24.04. № 576 (бұр.ред.қара); 2008.12.11. № 689 (бұр.ред.қара) Жарлықтарымен құрам жаңа редакцияда