ӘМІРСАНА ЖАМБЫЛЫ
ӘМІРСАНА ЖАМБЫЛЫ

Семей мемлекеттік педагогикалық институтының М.Қозыбаев атындағы тарихи және саяси-әлеуметтік зерттеулер орталығы өлке тарихын зерттеумен жүйелі түрде шұғылданып келеді. Облыс аумағында жүргізілген археологиялық экспедицияларға қатысумен қатар өз бастамасымен де этнографиялық, тарихи-мәдени экспедициялар да ұйымдастырып отырады.

Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында Орталық мамандары Мұхаметбек Асылбеков, Айдын Жүнісханов және Семей медицина университетінің тарих кафедрасының оқытушысы Ғалымбек Базарбеков облысымыздың Тарбағатай ауданын тарихи-мәдени экспедициямен аралап шықты. Сапар барысында көрген-білгені мол, өлкенің өткенін жадына жинаған көптеген жергілікті тұрғындармен кездесіп, осы өңірдің тарихына қатысты материалдар жинақтады. Аудан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен алуан түрлі табиғат көрністерін суретке түсірді. Жол көрсетіп, жөн сілтеген, естіген-білгендерімен бөліскен Жеңіс Қинаятов, Ержан Құттыбаев, Қонысбек Ақжасар, Серік Тыныбаев, Амангелді Жанахметов, Абай Долдин, Есмұрат Қыдырмолдин, Асхат Хабибуллин, Айдын Ғаббасов және тағы басқа аудан азаматтарының ізгі ниеттеріне риза болып қайтты.

Неше жұрт келіп неше жұрт кеткен Тарбағатай баурайында соноу көне замандағы сақ обаларынан бастап күні кешегі ата қонысқа қайта оралған бабаларымыздың қалдырған іздері көмескі тартса да әлі де көптеп кездеседі.Бір-ер ғасыр жат жұрттың қолында болған кезеңдер де Тарбағатайда өз таңбасын қалдырған. Қазіргі Қазақстанның оңтүстік және шығыс аймағы XYII-XYIII ғасырлар аралығында Жоңғар мемлекетінің қол астында болғаны мәлім. Ойрат жұртының төрт ірі тайпасының басын қосқан айбарлы мемлекеттің бір жарым ғасырға созылған қысқа тарихына куә болған Тарбағатай өңірінен сол заман белгілері әлі де табылады. Соның бірі ­­­­­- жоңғар нояны Әмірсананың қамал-ғибадатханасы. Жоңғар мемлекетінің соңғы билеушісі Әмірсана қонтайшының осы Тарбағатай баурайында қонысы болғандығы жөнінде зерттеуші И.Я.Златкин де жазған болатын. Көнекөз қариялар да осы маңда «Әмірсана жамбылы» бар деп айтады екен.

Осы сапар барысында Орталық мамандарына сол атақты Әмірсананың қамалының құландысын көрудің сәті түсті. Жөн сұраған экспедиция мүшелеріне өзі де өлкетанумен айналысатын Ақмектеп аулындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі К.Жылқайдарова бұл өңірді бір кісідей білетін Асхат Хабибулин ақсақалға жолығуға кеңес береді. Жасы 84-ке келсе де әлі тың, жады мықты Асхат ақсақал бала кезінде көрген қамалдың орнын үш өзен жарыса аққан «Жетіарал» немесе «Тамды арал» деген қалың шилі ойпаттан жаңылмай тауып көрсетеді. Балалық шағы осында өткен Асхат ақсақалға 1943 жылы нағашысы Мұхаммед-Зәріп Абдолұлы көрсетіп: «Бұл – Әмірсана қоңтәжінің қамалы» дегені әлі есінде.

Ғарыштан түсірілген суретте қамал сұлбасы жақсы көрінгенмен, қалың ши мен жыңғыл арасынан әбден мүжіліп, жал төбешікке айналған ескі орны жақыннан болмаса байқала бермейді. Қамал-ғибадатхана (крепость-монастырь) құландысына қарағанда шикі кірпіштен немесе дуал қылып балшықтан құйылған тәрізді. «Жамбыл» деп шығыс жақта балшықтан соғылған дуал қоршауларды да айта береді. Соған қарағанда, «Әмірсана жамбылы» деген атау бұның қамал екенін, әрі балшықтан соғылғанын көрсететін сияқты.

Қамал қабырғаларының жал тәрізді үйіндісінің биіктігі бір жарым, кейбір жерлерінде екі метрдей болады, оның сыртынан айландыра қазылған ор да айқын білінеді, қазіргі тереңдігі бір метрдей. Асхат ақсақал қамал орны бала кезінде көргенінен көп өзгере қоймағанын, тек ор бұдан гөрі тереңдеу болғанын айтады. Қамалдың пішіні дұрыс тік төртбұрышты, ұзын қабырғасы 120 метр, ені 110 метр шамасында. Солтүстік және оған қарама-қарсы қабырғасының ортасында 8 метрдей болатын қамал қақпаларының орны ойыстау болып білініп тұр. Қамал-қорғанның ортасында әр қабырғасы 20 м, биіктігі екі метрдей болатын шаршы пішінді төбешік бар. Шамасы ол ғибадатхана болуы керек.

Енді Әмірсана туралы қысқаша мағлұмат бере кетейік. Тарбағатай өңірі ежелден түрік тайпаларының, оның ішінде наймандардың ежелгі қонысы болған. Шыңғыс хан империясының Шағатай ұлысының құрамында болған кезде де мұнда наймандар тұрғаны туралы нақтылы деректер бар. Алайда, XYII ғасырдан бастап күш жиып, бір тудың астына топтаса бастаған ойраттар бұл жерлерді өз қарамағына қаратады да, жеңіліске ұшыраған наймандар оңтүстік-батысқа қоныс аударуға мәжбүр болады.

Ойраттар, немесе батыс монғолдар шорос, дүрбіт, хошауыт, торғауыт деп аталатын ірі төрт тайпадан құралды. Бытыраңқы ру–тайпаларды біріктіріп, 1621 жылы осы мемлекеттің негізін салушы Шорос тайпасының тайшысы Қарақұла қонтайшы атанды. Одан кейінгі билеушілер Батыр, Сенге, Ғалдан-Бошықты, Сыбан-Рабдан, Қалдан-Серен билікте болған кезінде Жоңғар мемлекеті өзінің дәуірлеу кезеңін бастан өткерді. Казіргі Тарбағатай өңірі кіретін Зайсан аймағын сол кездерде Әмірсанаға қараған хойт мекендеп жүрген. 1745 жылы Қалдан-Серен өлгеннен кейін, тақ мұрагерлері арасындағы тартыс салдарынан Жоңғар мемлекеті үлкен саяси дағдарысқа ұшырады да, осы сәтті ұтымды пайдаланған Цин империясы көшпелі мемлекетті жойып жіберді. Әмірсана осы елдің 1755-1757 жылдар аралығындағы соңғы билеушісі, әрі қытай басқыншылығына қарсы ұлт-азаттық күрестің көсемі болды. Әмірсана жоңғар билеушілері династиясына жиен, Сыбан-Рабданның қызы Ботологтан туады. Қазақ ханы Абылаймен достық қарым-қатынаста болған, басына іс түскен кезеңдерде қашып келіп, Абылайды паналаған кездері де болған.

Қытайлардан жеңілгеннен кейін 1757 жылы Әмірсана Ресейге барып бас сауғалайды. Ол осы жылы Тобольск қаласында сүзектен қайтыс болады. Әйелі Битей атақты қалмақ қонтайшысы Қалдан Сереннің қызы еді. Ол Әмірсана өлген соң алдымен Қалмақияда болып, содан кейін Петербург қаласында тұрады. Сол жерде 1761 жылы дүниеден өтеді. Әмірсананың ұлы Пинцук христиандықты қабылдап Ресейде қалады.

М.Қозыбаев атындағы тарихи және саяси-әлеуметтік зерттеулер орталығының жетекші маманы М. Қ. Асылбеков.


Возврат к списку

(Нет голосов)

Текст сообщения*
Загрузить файл или картинкуПеретащить с помощью Drag'n'drop
Перетащите файлы
Ничего не найдено
Отправить Отменить