Орта білім беруді жан басына қаржыландыру тетігі және оны (жер-жерде) іске асыруға қатысты жергілікті атқарушы органдары тарапынан жиі қойылатын сауалдар
1. Жан басына нормативтік қаржыландыруға қандай мектептер қатысуда?  

2013 жылғы 1 қыркүйектен бастап республиканың 4 облысындағы (Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында) пилоттық 50 мектепте жан басына нормативтік қаржыландыруды сынақтан өткізу басталды.

2014 жылғы 1 қаңтардан бастап сынақ  өткізілетін мектептердің қатары Ақмола облысындағы тағы 13 мектеппен толығады. 

Жан басына қаржыландыруды сынақтан өткізу жүргізілетін мектептер мен облыстардың    2013-2014 оқу жылына арналған тізбесі «Орта білім беруді жан басына нормативтік қаржыландырудың сынағын өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 4 қарашадағы № 447 бұйрығымен бекітілді. Республикалық бюджет қаражаты жан басына қаржыландыруды сынақтан өткізу үшін көзделген және осы бұйрықта көрсетілген пилоттық мектептер үшін ғана қарастырылған нысаналы трансферттер ретінде бөлінді.

2. Білім беру процесі мен білім беру ортасына шығыстар нені қамтиды және олар қалай қаржыландырылады?  

Жан басына нормативтік қаржыландыру орта білім беру ұйымдарының білім беру үдерісіне және білім беру ортасына шығыстардың қаржыландырылуын қамтиды.

Білім беру процесіне шығыстар 003 «Жалпы білім беріп оқыту» бюджеттік бағдарламасы және 011 «Республикалық бюджеттен берілетін трансферттер есебінен» ішкі бағдарламасы бойынша ағымдағы нысаналы трансферттердің есебінен қаржыландырылады және мыналарды қамтиды: 

1) қызметкерлердің еңбекақысын төлеуге, оның ішінде жыл сайынғы төленетін еңбек демалысына сауықтыруға арналған жәрдемақыларды төлеуге шығыстар, жұмыс берушінің жарналары (бюджет шығыстарының экономикалық сынаптамасының 110-130 ішкі сыныптары);  қызметкерлердің шығыстар; мектеп қызметкерлеріне еңбекақы төлеу «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің          2007 жылғы 29 желтоқсандағы № 1400 қаулысына сәйкес жүзеге асырылады;

 2) 1 оқушыға 1 АЕК есебіндегі оқу шығыстары: оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер, оқу, көрнекілік материалдар мен құралдар (сатып алынатын оқу материалдарының түріне қарай бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасының 149, 414, 419 ерекшеліктері). Білім беру үдерісіне шығыстарға қосылған оқу шығыстары негізгі, әрі қосымша дамытушы оқу әдебиеттерін сатып алуға қатысты болады. 

Сатып алынатын оқу метериалдары «Білім беру ұйымдарында 2013 - 2014 оқу жылында пайдалануға рұқсат етілген оқулықтардың, оқу-әдістемелік кешендердің, оқу құралдарынын және басқа да қосымша әдебиеттердің, оның ішінде электрондық жеткізгіштердегі тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы                22 сәуірдегі № 146 бұйрығына сәйкес болуы тиіс.

3) білім беру үдерісін қаржыландыру көлеміндегі ынталандыратын бөлік (ынталандыру қоры) – орта білім беру ұйымының барлық қызметкерлеріне сыйлықақылар төлеуге және олардың еңбекақысын қызмет нәтижелеріне қарай саралау мақсатында ынталандыратын үстемеақылар белгілеуге, сондай-ақ орта білім беру ұйымдарының білім беру үдерісімен байланысты басқа да қажеттіліктерді (мектеп қызметкерлерінің ел ішінде және шетелде біліктілігін арттыруы және сонымен байланысты іссапар шығыстарын, оқушылардың олимпиадаларға, байқауларға, жарыстарға қатысуына, қосымша оқу, көркем және анықтамалық әдебиетті сатып алуға, дәріскерлерді шақыруға шығыстарды өтеу үшін қарастырылған республикалық бюджет қаражаты.

Білім беру ортасына шығыстар жергілікті бюджеттер қаражатынан қаржыландырылады және коммуналдық қызметтер, байланыс қызметтері, ағымдағы жөндеуді өткізу жөніндегі қызметер, ғимарат пен жабдықтарды ұстау және күту, мектеп жанындағы интернаттарды ұстау, оқушыларды тамақтандыру және тасымалдау бойынша қызметтер, Жалпыға ортақ міндетті орта білім беру қорының шығыстары, басқадай қызметтер (қыржылық қызметтер, салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер) үшін төлемдерді және т.б. қамтиды. 


3. Жан басына нормативтік қаржыландырылатын пилоттық мектептерді қаржыландыру тәсімі қандай? Жан басына нормативтік қаржыландыруға республикалық бюджеттен бөлінген қаражат жергілікті бюджеттерге қалай жеткізіледі?

Пилоттық мектептерде білім беру процесін жан басына нормативтік қаржыландыру Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі (бұдан әрі – БҒМ) мен жергілікті атқарушы органдары арасында келісім жасау арқылы республика бюджетінен бөлінетін ағымдағы нысаналы трансферттердің есебінен іске асырылады. 

Ағымдағы нысаналы трансферттердің сомаларын бөлу және пайдалану Қазақстан Республикасының бюджеттік заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. 

Пилоттық мектептерде білім беру ортасын қаржыландыру Қазақстан Республикасының бюджеттік заңнамасына сәйкес тиісті жергілікті бюджеттердің есебінен жүзеге асырылады (яғни қолданыстағы тәсілім бойынша қаржыландырылады). 

ҚР БҒМ 2013 жылы жан басына нормативтік қаржыландыруды сынақтан өткізуге ағымдағы нысаналы трансферттерді «2013 - 2015 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 30 қарашадағы № 1520 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 22 қарашадағы № 1255 қаулысы негізінде аударды.

Ағымдағы нысаналы трансферттерді аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) бюджеттері арасында әрі қарай бөлуді облыстың жергілікті атқарушы органы жүзеге асырады. 

 2013 жылы республика бюджетінен бөлінген ағымдағы нысаналы трансферттер мыналардың есебінен құрылды: 

- пилоттық мектептердің еңбекақы төлеу қорының мөлшерінде жергілікті бюджеттерден кері трансферттер; 

- Орта білім беруді жан басына нормативтік қаржыландыру әдістемесі бойынша пилоттық мектептердің еңбекақы төлеу қорын теңестіру және 1 оқушыға 1 АЕК мөлшерінде қосымша оқу шығыстарын (мемлекеттік білім беру мекемелері үшін оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендерді сатып алу және жеткізу» бюджеттік бағдарламасы бойынша бюджет қаражатынан тыс) өтеу үшін қосымша ақшалай қаражат.

Жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімішіліктері Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі мен пилоттық облыстың Әкімі арасында жасалған ағымдағы нысаналы трансферттердің нәтижелері жөніндегі келісімге қосымшаға сәйкес әр мектептегі оқушылардың саны негізінде ағымдағы нысаналы трансферттерді мектептер арасында бөледі. 

Қазақстан Республикасының Бюджеттік кодексіне сәйкес аяқталған қаржылық жылда пайдаланылмаған (толық пайдаланылмаған) республика бюджетінен бөлінген ағымдағы нысаналы трансферттердің сомалары оларды бөлген жоғары тұрған бюджетке қайтарылуға жатады немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша ағымдағы қаржылық жылды пайдаланылуы (толық пайдаланылуы) мүмкін. 

4. Оқушы бір мектептен екінші мектепке ауысқан жағдайда бюджет қаражаты жергілікті бюджеттер арасында қалай бөлінеді?

Орта білім беруді жан басына қаржыландыру қағидаларына сәйкес мектептердегі оқушылар саны өзгерген жағдайда бюджетті нақтылау кезіндегі оқушылардың қозғалысын есепке ала отырып тиісті бюджетті кезекті айқындау кезінде ағымдағы нысаналы трансферттердің көлемі өзгереді. 

Оқушылар облыстар арасында қозғалған жағдайда қаржылық жылдың соңында республикалық бюджет нақтыланғаннан кейін: 

-       оқушы шығып кеткен мектеп кезекті қаржылық жылдың 1 наурызына дейін оны оқытуға толық пайдаланылмаған қаражатты республика бюджетіне қайтаруға міндетті;

-       оқушыны қабылдаған мектепте қаржыландыру көлемі келесі қаржылық жылда

түзетіледі. Оқушы келген қаржылық жылдың соңында кредиторлық қарыз пайда

болған жағдайда оны өтеуге шығыстар Республикалық бюджеттік комиссияның

шешімі бойынша республикалық бюджеттен бөлінеді.  

5. Жан басына қаржыландыру жағдайында мектеп қызметкерлеріне еңбекақы төлеу қалай жүзеге асырылады? 

Жан басына нормативтік қаржыландыру еңбекақы төлеудің жаңа нысаны емес, ол білім беру үдерісін іске асыру (еңбекақы төлеу, қосымша оқу шығыстары, ынталандыру сипатындағы төлемдер) үшін мектептерге бюджет қаражатын бөлу тетігі болып табылады. 

Мектеп қызметкерлеріне еңбекақы есептеу және төлеу «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы № 1400 қаулысына сәйкес жүзеге асырылады. Яғни, жалақы есептеу кезінде еңбек жағдайлары үшін аталған қаулыда және еңбек заңнамасында көзделген барлық үстемеақылар ескеріледі. 

Бөлінген ағымдағы нысаналы трансферттер бойынша үнем жасалған жағдайда, сондай-ақ жоғарыда аталған қаулыға сәйкес және қамқоршылық кеңеспен келісу бойынша мектеп қызметкерлеріне олардың қызмет нәтижесі бойынша сыйлықақылар мен ынталандыратын үстеме ақылар төленуі мүмкін. 

Мектепте Орта білім беруді жан басына нормативтік қаржыландыру әдістемесінде берілген формулалар бойынша есеп жүргізу қажет емес. Мектеп республика бюджетінен бөлінген ағымдағы нысаналы трансферттердің сомаларын игеруді жүзеге асырады. Орта білім беруді жан басына нормативтік қаржыландыру әдістемесін БҒМ жан басына шаққандағы нормативті (1 оқушыны оқыту құнын) және мектептерде білім беру процесін қаржыландыру мөлшерін есептеуде басшылыққа алады. 

Мектептің республикалық бюджеттен білім беру процесін қаржыландыруға алатын ақшалай қаражатының көлемі оқушылардың санына байланысты. 

Оқушылар саны азайғанда және соның нәтижесінде бюджеттен алатын қаражат көлемі де азайған жағдайда мектеп басшысы қамқоршылық кеңеспен келісу бойынша мектеп пен мұғалімдердің жұмысын оңтайландыру жөнінде шешім қабылдауы тиіс. 

6. Жан басына шаққандағы норматив қалай есептеледі және оны кім есептейді?

Жан басына шаққандағы нормативті (1 оқушыны оқыту құнын) БҒМ Орта білім беруді жан басына нормативтік қаржыландыру әдістемесінің негізінде есептейді. 

2013 жылға жан басына шаққандағы нормативтің мөлшері 125 305 теңгені құрайды және қалалық жерде орналасқан мектептің жай сыныбындағы 1 оқушыны оқыту құнына сәйкес келеді. Жан басына шаққандағы нормативтің мөлшері төмендегілерге байланысты әр түрлі болады:  

- іске асырылатын білім беру бағдарламаларының түріне қарай: жалпы білім беру, мамандандырылған арнайы білім беретін оқу бағдарламалары, жекелеп үйде оқыту;

-    іске асырылатын білім беру бағдарламасының деңгейіне байланысты: жалпы орта білім беретін мектептер, лицейлер мен гимназияларда мектепалды сыныптарындағы мектепалды даярлық, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру;

-    білім беру бағдарламасының іске асырылу орнына қарай: қала, ауылдық жер, экологиялық апат немесе радиациялық қауіп-қатер аймағы.

БҒМ жан басына шаққандағы нормативті және мектептердің білім беру процесін қаржыландырудың жалпы көлемін есептеуде мыналарды ескереді:

-     еңбекақы төлеу жүйесінде көзделген еңбек жағдайы үшін барлық үстеме ақылар мен қосымша ақылар, оның ішінде біліктілік деңгейі үшін, экологиялық апат және радиациялық қауіп-қатер аймағында тұрғаны үшін қосымшаақылар мен үстеме ақылар коэффициенттерінің ең жоғарғы мәндері есептеледі;

-     қалалық және ауылдық мектептердегі сыныптардың есептік (мөлшерленген) толымдылығы (қалада – 24 адам, ауылда – 20 адам);

-     сыныптардың шекті толымдылығы (25 адам), өйткені сыныптардың шекті толымдылығынан тыс білім алатын оқушыларды оқыту құны төмендейді. 

Барлығы 2012 жылға жан басына шаққандағы нормативтің 132 түрі есептелген. 

Жан басына шаққандағы нормативтің мөлшері мен жергілікті атқарушы органдар ұсынатын сыныптар бойынша оқушылардың саны туралы мәліметтердің негізінде БҒМ жан басына шаққандағы нормативті нақты мектептегі оқушылардың санына көбейту арқылы (білім беру деңгейіне, білім беру бағдарламасының түріне байланысты) әр мектепте жан басына қаржыландыруды (білім беру процесін қаржыландыру) іске асыруға республика бюджетінен қаражаттың жалпы көлемін есептейді.   

2014 жылы арнайы білім беріп оқыту бағдарламалары (мүмкіндіктері шектеулі оқушыларды оқыту) іске асырылатын мектептер (сыныптар, топтар) үшін  жан басына шаққандағы норматив әзірленетін болады. 2013-2014 оқу жылы мүмкіндіктері шектеулі оқушыларды оқыту құны дені сау балаларды оқыту құнына тең.

Сондай-ақ, 2014-2015 оқу жылының басына қарай құрамында мектепке дейінгі шағын орталықтары, «мектеп-балабақша» кешендері бар мектептерді жан басына нормативтік қаржыландырудың тәртібі туралы мәселе пысықталмақ.  2013-2014 оқу жылында жан басына нормативтік қаржыландыруды сынақтан өткізуге жалпы білім беретін мектептердің (шағын орталықтарды қоспағанда) қызметкерлері және мектеп жанындағы интернаттардың қызметкерлері ғана қатысуда. 

Жан басына нормативтік қаржыландыру әдістемесінде жыл сайын өзгеріп тұратын АЕК (айлық есептік көрсеткіш), сондай-ақ біліктілік деңгейі үшін қосымша ақы алатын («Назарбаев зияткерлік мектебі» АБҰ оқу бағдарламалары бойынша біліктілікті арттырудан өткен және сертификат алған) педагогикалық қызметкерлердің үлесін көрсететін h коэффициенті сияқты ауыспалы шамалар бар. Осыған байланысты, жан басына шаққандағы нормативтің мөлшері жыл сайын өзгеріп тұрады.   

7. Білім беру процесін қаржыландыру көлеміндегі ынталандыратын бөлік (ынталандыру қоры) қалай жұмсалады? Жан басына нормативтік қаржыландыру жағдайында мектеп қызметкерлеріне сыйлықақы беру және ынталандыратын үстемеақы белгілеу қалай жүзеге асырылады? 

Мектептерге 2014 жылдан бастап бөлінетін білім беру процесін қаржыландыру көлеміндегі ынталандыратын бөлік (ынталандырушы қор) мынадай шығыстарды қамтиды:

- мектеп қызметкерлеріне олардың жұмыстарының нәтижелері бойынша ынталандыратын үстеме ақылар белгілеу және сыйлықақы беру; 

-             мектептің білім беру процесімен байланысты басқа да қажеттіліктерді (біліктілікті арттыру курстары, дәріскерлерді шақыру) өтеу;

Білім беру үдерісін қаржыландыру көлеміндегі ынталандыратын бөлік (ынталандыру қоры) қызметкерлерге сыйлықақы және ынталандыратын үстемеақылар төлеуге, сондай-ақ мектептің білім беру процесімен байланысты басқа қажеттіліктерді өтеуге шықыстардың арасалмағын анықтайтын қамқоршылық кеңеспен келісу бойынша жұмсалады. 

2013 жылға мектептердің ынталандыру қорларын құру үшін қаражат бөлінген жоқ. Осыған байланысты, еңбекақы төлеуге шығыстар мен оқу шығыстары бойынша үнемделген қаражат еңбекақы төлеу жүйесіне сәйкес және қамқоршылық кеңеспен келісу бойынша жұмыстарының нәтижелеріне қарай мектеп қызметкерлеріне сыйлықақы беруге және ынталандыратын үстеме ақылар белгілеуге бағытталуы мүмкін.    

Ынталандыру сипатындағы төлемдердің мөлшері мен олардың мерзімділігін мектептің қамқоршылық кеңесі мектеп қызметкерлерінің жұмысын бағалау нәтижесі бойынша бекітеді. 

Мектеп қамқоршылық кеңеспен келісуден кейін сыйақылық төлемдерге жұмсауды шешкен ағымдағы нысаналы трансферттер бойынша пайда болған үнем 2013 қаржылық жылы үнемделген қаражат болып табылады, ал мектеп қызметкерлері қызметінің нәтижесі болып олардың 2013 жылғы қаңтар айынан басталатын қызметінің нәтижесі саналады. 

Сонымен бірге, еңбекақы төлеу жүйесіне сәйкес бюджет қаражатын үнемдеу есебінен мектеп қызметкерлеріне материалдық көмек көрсетілуі мүмкін. «Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Республикасы органдарының қызметкерлеріне сыйлық беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық жалақыларына үстемеақылар белгілеу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 29 тамыздағы № 1127 қаулысына сәйкес қызметкерге материалдық көмек оның қиын материалдық жағдайына байланысты төмендегідей жағдайларда берілуі мүмкін: 

1)  отбасы мүшелері, жақын туыстары (жұбайы, ата-анасы, балалары, асырап алушылары, асырап алған балалары, туған және туған емес бауырлары, апа-қарындастары (сіңлілері) және аталары, әжелері немерелері) немесе жекжаттары (бауырлары, апа-қарындастары (сіңлілері) және жұбайының балалары) қайтыс болса;

2)  некеге тұру;

3)  баланың туылуы, баланы асырап алу;

4)  қосымша қаржылық шығыстарды талап ететін емделу (күнтізбелік 10-нен аспайтын стационарлық немесе амбулаториялық емделу, стационарлық емделуден басқа); 

5)  заңға қайшы әрекет (тонау, ұрлық және т.б) жасаудың салдарынан қызметкерге мүліктік залал келтірілсе;

6)  қызметкер зейнетке шықса.

Сыйақылық төлемдер жасаудың шарттары мен тәртібін және мектеп қызметкерлерінің қызметін бағалау көрсеткіштерін белгілейтін Жан басына нормативтік қаржыландырылатын орта білім беру ұйымының қызметкерлеріне олардың қызметінің нәтижесі бойынша сыйлықақы беру және үстеме ақылар белгілеу қағидаларының жобасы қазіргі уақытта БҒМ-да келісу рәсімінен өтуде және бекітілгеннен кейін пилоттық облыстар мен мектептерге жеткізіледі. 

8. Республикалық бюджеттен мектептерде білім беру процесін қаржыландыруға (жан басына қаржыландыруды іске асыруға) бөлінген бюджет қаражатының жұмсалуы қалай қадағаланатын болады? 

Жан басына нормативтік қаржыландыру шеңберінде мектептердің білім беру процесіне шығыстар (еңбекақы төлеу, жұмыс берушінің жарналары, қосымша оқу шығыстары, ынталандыру сипатындағы төлемдер) республикалық бюджет қаражатынан қаржыландырылады, сондықтан білім беру саласындағы уәкілетті орган – БҒМ тарапынан қадағаланады. 

Мектептерде жан басына нормативтік қаржыландыруды іске асыруға ағымдағы нысаналы трансферттер республикалық бюджеттен нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы жасалған келісімнің негізінде бөлінеді. 

Осы келісімге сәйкес жергілікті атқарушы органдар (әкімдіктер) бір жылда екі мәрте БҒМ-ға бөлінген нысаналы трансферттерді пайдаланудың арқасында қол жеткізілген нәтижелер туралы есеп береді.

Оқушылардың мектептер арасындағы қозғалысын және соған байланысты мектептерде білім беру үдерісін іске асыруға шығыстарды мониторингілеу және бақылау мақсатында қазіргі уақытта құрылып жатқан және республикамыздың әр оқушысы туралы деректерді қамтитын Ұлттық білім беру дерекқоры пайдаланылатын болады.  

Сонымен қатар, қазіргі таңда жан басына нормативтік қаржыландыру шеңберінде пилоттық мектептерде қамқоршылық кеңестерінің жұмыс істеуі сынақтан өткізілуде. Бұдан былай мектеп қызметі мәселелер бойынша шешімді мектептің басшысы емес, мектептің алқалы басқару органы –  қамқоршылық кеңес қабылдайтын болады.

9. Мектептерде қамқоршылық кеңестері қалай құрылады және олардың қызметі қандай?

«Білім беру ұйымдарындағы қамқорлық кеңестердің жұмыс істеуін сынақтан өткізу туралы»

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 27 желтоқсандағы № 573 бұйрығымен бекітілген Қамқоршылық кеңес қызметінің және оны сайлау тәртібінің үлгілік қағидаларына сәйкес қамқоршылық кеңес білім беру саласындағы уәкілетті органның (БҒМ) немесе жергілікті атқарушы органның (құрылтайшының) шешімі бойынша құрылады.

Пилоттық мектептерде қамқоршылық кеңестерін құру туралы шешімдерді аудандардың/облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері қабылдау тиіс.

Сондай-ақ, жоғарыда аталған Үлгілік қағидаларға сәйкес жан басына қаржыландырылатын білім беру ұйымының қызметкерлеріне және басшысына сыйлықақылар беру және лауазымдық қызметақыға ынталандыратын үстемеақыларды белгілеуге қатысты шешімдерді осы қамқоршылық кеңестері қабылдайды.  

Қамқоршылық кеңесінің негізгі қызметі: 1) мектепті дамытудың басым бағыттары, мектептің оқу-тәрбие, ғылыми-зерттеу және шаруашылық қызметтері мәселелері бойынша ұсыныстар енгізу; 2) мектеп басшысын конкурстық іріктеуге, мектеп бюджетін құруға, мектеп қызметкерлеріне ынталандыру сипатындағы төлемдерді белгілеуге  қатысу; 3) демеушілік көмектің тартылуын қамтамасыз ету және оны бөлу.   Қамқоршылық кеңестің құрамына әкімдік өкілдері, мектеп басшысы, бизнес өкілдері (демеушілер), жұмыс берушілер ұйымдарының, мектеп түлектерінің, ата-аналар қоғамының, ҮЕҰ (үкіметтік емес ұйымдарының) және өзге ұйымдардың өкілдері кіреді.  

Қамқоршылық кеңестері арқылы мектептерді корпоративтік басқару нысанын енгізу шешім қабылдауда алқаластықты, нәтижеге бағдарланған қызметтің ұйымдастырылуын, мектеп қызметінің ашықтығы мен жариялылығын, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз етеді. 

10. Оқу шығыстарын төлеуге арналған қаражаттың (1 оқушыға 1 АЕК мөлшерінде) есебінен оқу құрал-жабдықтарын (мысалы, коньки, шаңғы) сатып алуға болады ма?

Орта білім беруді жан басына нормативтік қаржыландыру әдістемесіне сәйкес 1 оқушыға          1 АЕК мөлшерінде есептелетін оқу шығыстарына оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер, оқу көрнекілік материалдар мен құралдар жатады (сатып алынатын оқу материалдарының түріне байланысты бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасының 149, 414, 419 ерекшеліктері).   

Білім беру процесінің шығыстарына жататын оқу шығыстары негізгі, әрі қосымша дамытушы оқу әдебиетін сатып алуға қатысты. Сатып алынатын оқу материалдары «Білім беру ұйымдарында 2013 - 2014 оқу жылында пайдалануға рұқсат етілген оқулықтардың, оқу-әдістемелік кешендердің, оқу құралдарынын және басқа да қосымша әдебиеттердің, оның ішінде электрондық жеткізгіштердегі тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 22 сәуірдегі № 146 бұйрығына сәйкес болуы тиіс. 

2014 жылы БҒМ білім беру процесіне арналған шығыстарға мыналарды қосу туралы мәселені пысықтауды жоспарлап отыр:   

- мектептердің 12 жылдық оқу үлгісіне ауысуын ескере отырып, мемлекеттік білім беру мекемелері үшін қазіргі уақытта жергілікті бюджеттердің есебінен жүзеге асырылатын барлық оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендерді сатып алуға және жеткізуге шығыстар;

- оқу жабдықтарын және құрал-саймандарын (биология, физика, дене шынықтыру және басқа сабақтарды өткізу үшін) сатып алуға және жеткізуге шығыстар.